КӨЗ ЖАНАРЫҢДЫ САҚТА
Глаукома – көз ауруларының ішінде қайтымсыз соқырлыққа алып келетін дерт түрі. Ол көзішілік қысымның артуы есебінен көру нервісінің зақымдануынан орын алады. Көзішілік қысымның артуы миға бейне беруді жүзеге асыратын көру нервісін зақымдайды. Ем алмаған жағдайда адам бірнеше жыл ішінде көз жанарынан айрылады.
Көптеген адамдарда глаукома бастапқы кезеңінде симптомсыз өтетіндіктен, уақытылы анықтау және емдеу қажет. Мысалы көзішілік қысымның артуы кезінде ауырсыну сезімі болмауы мүмкін. Сондықтан, көруді толығымен жоғалтудың алдын алу үшін ұдайы окулист-дәрігерге көрініп тұру маңызды. 40 жастан асқан немесе тұқым қуалауы арқылы глаукомадан зардап шегетін адамдар әр 1-2 жыл сайын окулист-дәрігерден толық тексеруден өтуі қажет. Егер қант диабеті, тұқым қуалайтын глаукома, немесе көздің басқа ауруларының даму ықтималдығы секілді денсаулықтың мәселелері болса, окулист-дәрігерге көріну жиірек болуы тиіс.
Глаукоманың екі негізгі түрі бар:
1. Ашық бұрышты глаукома (кең бұрышты глаукома) – бұл кең таралған түрі. Тексеріп қарағанда көздің құрылысы өзгермеген, бірақ, көзішілік сұйықтық көздің трабекулярлық жүйесі аталатын каналдары арқылы тиісті түрде ағып шықпайды.
2. Жабық бұрышты глаукома. Жіті немесе созылмалы жабық бұрышты немесе тар бұрышты глаукома деп те аталады. Нұрлы қабық пен мөлдір қабықтың арасындағы (сұйықтықтың ағатын түтіктері орналасқан жерде) бұрыш кішірейгенде дренаждық қызмет бұзылады. Глаукоманың бұл түрі көз ішілік қысым күрт көтерілгенде пайда болуы мүмкін.
Көпшілік жағдайда ашық бұрышты глаукома сырқат адамға белгісіз пайда болып, белгісіз үдеп дами береді. Сырқаттар ешқандай жағымсыз сезім байқамайды, олар тек көздерінің көруі едәуір төмендегенде ғана дәрігерге көрінеді. Тек 15% ауруларда белгілері байқалады. Олар көз толып тұрған сияқты сезіну, бастың ауруы, көрудің тұмандануы және жарыққа қарағанда қызылды-жасылды «кемпір қосақтанып» көрінуі сияқты шағымдардан тұрады. Осы аталған белгілер көздің қысымының едәуір көтерілгенінің белгісі. Тексеріс кезінде көзде байқалатын өзгерістер мардымсыз. Жабық бұрышты глаукома көз қысымының көтерілген кезде ауырсыну сезімі пайда болады, бас ауырады, көз тұманданып, жарыққа қарағанда қызылды-жасылды кемпір қосақтанып көрінуіне шағымданады.
Көзді тексеру глаукома кезінде зақымданатын көру нервісін зерттеуге бағытталады. Көру нервісінің бейнесі өзгерістерді және глаукоманың асқынуын анықтауға көмектеседі. Көз ішілік қысымды анықтауға арналған тонометрия және шеткері көруді анықтау үшін көру аумағын зерттеу секілді медициналық шаралар жүргізіледі. Сонымен қатар, рефрактометрия, ультрадыбысты зерттеу, гониоскопия, көз бұршағы мен қасаң қабатының қалыңдығын анықтайтын жалпы зерттеулерден өту керек. Мұндай медициналық тексерулер ауырсыну тудырмайды. Глаукоманы емдеуге көз тамшылары, лазерлік немесе микрохирургия жатады.
Осы аталған операция түрлері лазерлі және микрохирургиялық жолмен глаукоманы емдейтін операциялар біздің облыстық офтальмологиялық ауруханада науқастарға кең көлемде жасалынады. Аурудың алдын алу мүмкін емес, бірақ, ерте анықтау арқылы ауруды бақылауға алуға болады.
Алия МАХМУДОВА,
Түркістан облыстық офтальмологиялық ауруханасының
жоғарғы санатты дәрігер-офтальмологы