Көзді термиялық күйік шалғанда.
Көз алмасының жарақаты механикалық, темір немесе ағаш, қолмен қатты ұрғанда орын алады. Әдетте ол өндірістік, тұрмыстық және әскери көз жарақаттары деп бөлінеді.
Көз алмасы жарақат алған жағдайда зардап шегуші адамды мамандандырылған офтольмологиялық клиникаға дереу жеткізу қажет. Өйткені жарақаттанған көздің тағдырын күндер емес, сағаттар мен минуттар шешеді. Көз алмасының ішкі қабаттарының шығып кетуі, көз ішіне қан құйылу, көз ішілік іріңді жұқпаның дамуы секілді асқынулар адамның көзден айырылуына алып келуі мүмкін. Көз жанары зақымданған науқастардың хирургиялық және терапиялық емін тек көз дәрігері ғана жүргізеді.
Көз алмасының жарақаттануы және контузиясы көбіне бас миының зақымдануымен қатар жүреді. Сондықтан жарақатқа залалсыздандырылған таңғыш байлап, жедел жәрдем көлігімен аурухананың нейрохирургия немесе көз дәрігеріне жеткізеді. Жарақаттанған адамды ауруханаға жаяу жіберуге үзілді-кесілді тыйым салынады.
Қабақ жарақаттанғанда жарақат айналасындағы теріге жасыл бриллианттың 1 пайыздық ерітіндісін жағады. Жараға залалсыздандырылған таңғыш байлап, тез арада дәрігерге жеткізеді. Жарақатты жууға, жыртылған жерлерін жұлуға болмайды. Егер қабақ бүтіндей жұлынып қалса, оны тастамай дәрігерге апару керек. Оны өз орнына тігуге болады.
Қабаққа түскен бөгде зат ауыртып қана қоймай, көз жасын ағызады. Егер зат қабақтың астыңғы жағында тұрса, көзді жыпылықтатқанда және жас аққанда ол сыртқа шығып кетеді. Егер болгарка немесе сваркалық апаратпен жұмыс жасағанда ол қасаң қабыққа немесе шырышты қабыққа күйдіріп жабысып қалады. Бөгде затты көз дәрігеріне қаралып алдыртқан дұрыс.
Көз алмасының жарақаттары: ішке енген және енбеген болып бөлінеді. Бұны тек дәрігер офтальмолог анықтайды. Сілеймелі қабық пен қасаң қабықтағы бөгде затты өз бетінше алуға болмайды. Бұның салдарынан адам көзінен айырылуы мүмкін.
Көзді соғып алганда: зақымның ауырлығын өз бетінше бағалау қиын. Сондықтан зардап шегушіні тез арада маман дәрігерлерге жеткізіңіз.
Көз термиялың күйік алған: химиялық зақымдалған жағдайда көзді және қабақты көп ағынды сумен жақсылап шайыңыз. Ең дұрысы, зардап шегушіні отырғызып, басын артқа қаратып, оның қабағын ашуын және жедел жәрдем келгенше шаюын сұрау керек (бірақ 20-30 минуттан артық емес). Тек зақымдалған жерді жуыңыз.
Әк ұнтағымен болған жағдайда, жууға қатаң тыйым салынады. Сумен әрекеттесу тек күйік пен ауырсынуды арттырады. Кристалдарды құрғақ шүберекпен алып тастауға тырысыңыз, содан кейін ғана жууға кірісіңіз.
Жарақаттардың алдын алу үшін сақтық шараларды сақтау қажет.
Жандос ҚҰДАСОВ,
Түркістан облыстық офталмологиялық ауруханасының
І санатты офтальмолог-дәрігері