Облыстық офтальмологиялық ауруханасы

Қазақстан, Шымкент, Құрманбеков к-сі, 2 (бұрынғы Тверская к-сі)
+7 (7252) 40 72 14
+7 776 000 88 57
Жаңалықтар
Вернуться к списку |

ЖАНАРЫҢЫЗ ӨТКІР БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ

Катаракта – көру өткірлігінің төмендеуімен жүретін көз бұршағының бұлыңғырлануы. Ол пайда болу уақытына орай жүре пайда болған, туабітті болып екіге бөлінеді. Ал, қарттық катаракта бастапқы, жетілмеген, жетілген, өте жетілген катаракта болып жіктеледі.

Жүре пайда болған катарактаның ішінде жасқа байланысты, яғни қарттық катаракта өте жиі кездеседі. Қарттық катаракта көбінесе 40 жастан асқан кісілерде кездесе бастайды. Дерт екі көзде қатар пайда болса да, көз бұршағының бұлыңғырлану деңгейі екі түрлі деңгейде анықталуы мүмкін. Яғни, бір көзі екіншісіне қарағанда жақсырақ көреді. Дегенмен, уақыт өте келе көру өткірлігі біртіндеп төмендей береді.

Көру өткірлігінің біртіндеп, ешқандай ауырсынусыз үдемелі төмендеуі, көз алдының бұлыңғырлануы, заттар пішінінің өзгеріп көрінуі —катарактаның негізгі белгілері. Мәселен, бастапқы катарактада көз алдында дақтар пайда болуы, заттар қосарланып көріне бастайды. Ал, көру өткірлігі көбіне қалыпты күйде қалады. Көз бұршағының бұлыңғырлануы қарашықтың деңгейіне жетсе ғана көру өткірлігі төмендейді. Алғашқы сатыда науқасты дәруменді көз тамшыларымен емдеуге болады.

Жетілмеген катаракта сатысында көз бұршағының ұлғаюы байқалып, серпінділігі жоғалады. Ақ–сұр түсті бұлыңғырлану қарашық аймағына жетіп, оны толығымен жабады. Қарттық катарактаның осы сатысында аурудың асқынуынан жақындағы денелердің өзін ажырату қиындайды. Шамадан тыс ұлғайған көз бұршағы факоморфикалық глаукомаға әкелуі мүмкін.

Жетілген катаракта сырт қараған адамға да байқала бастайды. Қарашықтың түсі ақ тұманды болып көрінеді. Бұл сатыда көз бұршағы құрғап, көлемі аздап кішірейеді. Науқас ештеңе көрмей, тек жарықты сезетін болады.

Өте жетілген катракта екі жолмен дамиды. Біріншісінде көз бұршағы толық құрғап, тығыздалып, көлемі кішірейеді. Капсулаға холестеринді, әкті жабысулар жиналады. Екінші жағдайда көз бұршағының қыртысты қабаты ақ сүт тәрізді сұйықтыққа айналып, ядросы кішірейіп төменге түседі. Екінші жағдай сирек кездеседі. Егер бұл сатыда хирургиялық ем жасалмаса, көз бұршағы капсуласы көз бұршағы белоктарын капсула сыртына өткізеді. Салдарынан дерт факогенді иридоциклитке, факотоксикалық глаукомаға ұласуы мүмкін.

Қарттық катаракта жетілмеген сатысында дәруменді терапия арқылы емдейді. дәрігерлер науқастың жағдайына қарай құрамында рибофлавин, калий, йод, аскорбин қышқылы бар көз тамшыларын тағайындайды. Алайда, бұл ауруды толық емдемейді, тек асқынудың алдын алып, тежейді. Сол себепті дәрігерлер ультрадыбысты факоэмульсификация және көз ішілік жасанды линза қою отасын тағайындайды.

Ультрадыбысты факоэмульсификация мен көз ішілік жасанды линза қою — заманауи, аз инвазивті хирургиялық әдіс. Отада бұлыңғыр көз бұршағын алып, оны жасанды көз ішілік имплантантпен алмастырады. Бұл ота ауырсынусыз, жергілікті жансыздандыру арқылы жүзеге асады. Отаның ұзақтығы 30 минут шамасындағы уақытты алады. Дыбыс толқындары арқылы бұлыңғыр көз бұршағы алынып, жасанды көз ішілік линзамен ауыстырылады. Бұл отадан кейін көз өткірлігі қалыпына келіп, көз алмасындағы кесінді табиғи жолмен жазылады.

Катарактаның алдын алу үшін дұрыс тамақтануға мән беріп, майлы, тұзды тағамдарды шектеу қажет. Тамақ рационында ет, дәнді дақылдар, жеміс-жидектер, яғни витаминдер мен микроэлементтер болу керек. Ашық күннің астында жүргенде көзілдірік тағып, көзді күн сәулесінен қорғау қажет. Сондай-ақ, имунитетті көтеріп, зиянды әдеттерден бас тартқан абзал. Көзді қатты шаршаудан сақтап, оған түсетін физикалық жүктемені азайтқан жөн. Яғни, компьютердің алдында ұзақ отырмай, көзді демалдырып тұрған абзал.

Ғазиз МЕЙРАМОВ,

Түркістан облыстық офтальмологиялық ауруханасының

дәрігер-офтальмологы



http://shymkala.kz/index.php/world/item/10874-zhanary-yz-tkir-bolsyn-dese-iz



Сұрақ қою Пікір қалдыру Емханаға қоңырау шалу